Жамбыл облысында 108 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды

22 Сәуір 2026

Жамбыл облысының Меркі ауданында прокурорлар 100 млн теңгеден астам мемлекеттік қаражаттың заңсыз жұмсалу фактісін анықтады.

Бейнежазбадан
Фото: Бейнежазбадан

Прокуратура мәліметінше, аудандық әкімдіктің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізілген.

– Талдау нәтижесінде мемлекетке 108 млн теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды. Атап айтқанда, бөлім Мыңқазан ауылындағы тұрғын үй массивіне электр желілерін салу жобасы бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін мердігер ұйымға қаражат аударған, – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша 2026 жылғы 30 наурызда Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

– Қылмыстық іс одан әрі тергеу жүргізу үшін ҰҚК-нің Жамбыл облысы бойынша департаментіне жолданды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деп хабарлады прокуратура.

Тегтер: