Жеңілдетілген декларация: Комитет арнаулы салық режимінің артықшылығын атады
2026 жылғы 1 наурызда салық төлеушілер қолданылатын салық салу режимін таңдаудың өтпелі кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Өтпелі кезеңнің қорытындысы бойынша бизнес субъектілерінің көпшілігі қызметін жүргізудің жеңілдетілген шарттарына бағытталған арнаулы салық режимдерін сақтап қалды немесе таңдады.
1,2 миллионнан астам кәсіпкер жеңілдетілген декларациямен арнаулы салық режимін таңдады. Жеңілдетілген декларация шағын және орта бизнес арасында ең танымал режим болып қала береді, себебі ол олар үшін сақталды және жаңартылды.
Бұл режим жылдық кірісі 600 000 АЕК-ке дейінгі (шамамен 2,6 миллиард теңге) салық төлеушілерге қолжетімді.
Режимнің артықшылықтары:
Жалдамалы жұмыскерлер санына шектеулер жоқ, бұл еңбек қатынастарын заңдастыруға ықпал етеді;
бірыңғай КТС/ЖТС мөлшерлемесі 4%, бұл ретте маслихаттарға мөлшерлемені 50%-ға дейін төмендету немесе жоғарылату құқығы берілген;
Қосылған құн салығынан босату.
Декларацияларды жыл сайын екі рет тапсыру және салықты төлеу.
— Бұл шарттар бизнесті жүргізуді қарапайым, ашық және болжамды етеді. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін 346 мың жеке адам, оның 265 мың жаңадан тіркелгендер қолданады. Осылайша, салық реформасы 265 мың жеке адамды «көлеңкелі» экономикадан шығарып, ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.
Бұл режим платформалық сервис арқылы жұмысты қоса алғанда, айына 300 АЕК-ке дейінгі (шамамен 1,3 миллион теңге) төмен табысы бар азаматтарға, сондай-ақ жалдамалы қызметкерсіз, эпизодтық қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға арналған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді ҚР азаматтары және бұрын патент негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы АСР-ді пайдаланған, дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа алмайтын және рұқсат етілген қызмет түрлерімен (40 қызмет түрі) айналысатын қандастар қолдануға құқылы.
Режимнің негізгі артықшылықтары — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін міндеттемелерді орындау барынша оңайлатылды:
Дара кәсіпкер ретінде тіркелу талап етілмейді;
Жеке табыс салығынан босатылады;
Бір ғана міндеттеме –зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналарды қоса алғанда, кірістен 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлеу.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим азаматтарға ресми түрде жұмыс істеуге, зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға және әлеуметтік қорғау алуға мүмкіндік береді.