Астана медициналық туризм хабына айналып келеді

29 Сәуір 2026

Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласында медициналық туризмді дамыту аясында шетелдік дәрігерлер мен медициналық агенттерге арналған ақпараттық тур өтіп жатыр. Іс-шара елорда әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы бастамасымен ұйымдастырылып отыр. 

— Халықаралық делегация құрамында Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан елдерінен келген дәрігерлер, сала сарапшылары және медициналық инфлюенсерлер бар. Олар қаланың медициналық туризм мүмкіндіктерімен танысып, Астананың әлеуетін шетелдік пациенттерді емдеудің перспективалық бағыты ретінде бағалайды. Бағдарлама аясында қонақтар елорданың 11 жетекші медициналық мекемелеріне, оның ішінде Joint Commission International (JCI) халықаралық стандарты бойынша аккредитацияға ие орталықтарға бару жоспарланған, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, медициналық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер барысында ынтымақтастық шарттары мен пациенттерді Қазақстанға емделуге жіберу мүмкіндіктері талқыланады. Ақпараттық турдың негізгі бағыттарының бірі — тікелей серіктестік байланыстар орнату. Кездесулердің қорытындысы бойынша қазақстандық клиникалар мен шетелдік әріптестер арасында келісімдерге қол қою жоспарланып отыр, бұл шетелдік пациенттерді Астанаға жіберу бойынша жүйелі жұмыс құруға мүмкіндік береді.

— Астанада медициналық туризмге деген қызығушылық артып келеді. Сала деректеріне сәйкес, 2024 жылы Астанаға 4,5 мың медициналық турист келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен екі есе көп. Ал 2025 жылы шетелдік пациенттердің саны 6112 адамға жетті, — деп хабарлады әкімдіктен.

Елордадағы медициналық туристерді қызықтыратын бағыттар қатарына кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, ортопедия, репродуктивті медицина және кешенді check-up бағдарламалары жатады. Ақпараттық турды өткізу халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылады және Қазақстанның Орталық Азиядағы жоғары технологиялық медицинаның заманауи орталығы ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.

Тегтер: