Инватакси: Жыл басынан мүгедектігі бар адамдар 150 мыңнан аса тапсырыс берді
2026 жылдың басынан бері мүгедектігі бар адамдар агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 150 мыңнан астам тапсырыс берді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Оның шеңберінде 2026 жылдың басынан бері Астана және Алматы қалаларында аталған қызмет 150,3 мың рет көрсетілді, оның ішінде сәуір айында — 37,7 мың рет.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметін 489,8 мың рет пайдаланған.
Бұған дейін инватакси қызметіне тапсырыс беру үшін сапардан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет болатын. Бұл айтарлықтай қолайсыздықтар туғызды: әр сапарды алдын ала жоспарлауға, көлікті ұзақ күтуге тура келді, сондай-ақ мамандандырылған көлік саны шектеулі болды.
Қызметті барынша ыңғайлы әрі жедел ету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, такси агрегаторларын тарту жөніндегі пилоттық жобаға бастамашылық етті.
— «Яндекс» компаниясы жобаны қолдап, оған комиссия алмай қатысып жатыр. Бұл сапар құнының толық көлемін тікелей мүгедектігі бар жолаушыларға көрсетілетін қызмет ақысын төлеуге бағыттауға мүмкіндік берді. Мүгедектігі бар азаматтар пилоттық жоба аясында жеңіл автокөліктерге тапсырысты Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Бұл қызмет алушы үшін көлікті жедел таңдауға, тапсырыс мәртебесін онлайн режимде қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіні сапар барысындағы қажеттіліктері туралы алдын ала хабардар ете алуы үшін арнайы мүмкіндіктер экраны қарастырылған. Өз кезегінде, жүргізушілер жолаушыны көлікке отырғызу және одан түсіру кезінде көмек көрсету тәртібі бойынша арнайы нұсқаулар алады.