Қаскелеңде ер адамды соққыға жыққан жасөспірімдер ұсталды

3 Шілде 2026

Әлеуметтік желілерде Қаскелеңде бір топ жасөспірімнің ер адамды соққыға жығып жатқан видеосы тарады.

Алматы ПД
Фото: Алматы ПД

Оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті түсінік берді. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, жанжалға қатысқан жасөспірімнің бәрі ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Полицияның хабарлауынша, тексеру барысында кәмелетке толмағандардың мас күйде болған ер адамға дене жарақатын салғаны анықталған.

Тексеру қорытындысы бойынша жасөспірімдердің ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Комиссия оқиғаға қатысушыларға қатысты алдағы шешімді қабылдайды, — деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ заңды өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, мұндай құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілмейтіні ескертілді.

Ал жәбірленуші арыз жазудан бас тартып, жанжалға қатысушыларға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.

Тегтер: