Мемлекеттік қызметшілерге жаңа этикалық стандарттар енгізіледі — Жұманғарин
Елдің дамуының ұзақ мерзімді құжаты әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асыруды талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
— Реформалардың институционалдық негіздерін күшейту аясында тиісті Кешенді жоспар қабылданатын болады. Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа этикалық стандарттар мен қағидаттар енгізіледі. Жүргізіліп жатқан өзгерістердің стратегиялық бағдары ретінде елдің дамуының ұзақ мерзімді құжаты әзірленетін болады, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, бұл құжатты Президент Әкімшілігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі және Стратегиялық зерттеулердің Қазақстандық институты әзірлейді.
— Бұл ретте, әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыруға Үкіметтің өзі жауапты болғандықтан, біз бұл жұмысқа белсенді араласамыз және елдің дамуына елеулі үлесімізді қосамыз. Үкімет Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының барлық бағыттының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етілетін болады, — деді министр.