Қазақстанда құқықтық жүйені жаңғырту кезеңі басталды — Ерлан Қарин

1 Шілде 2026

Мемлекет басшысы Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Жарлыққа қол қоюына байланысты Ерлан Қарин пікір білдірді.

Ақорда
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек. 

— Бұл — Президенттің Жаңа Конституция заңды күшіне енген соң қол қойған алғашқы Жарлығы екенін айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады, — деп жазды Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.

Жарлықта Ата заңның ережелеріне сәйкестендіру үшін Президент бекітетін 100 астам нормативті актілерге өзгерістер енгізу көзделген.

— Осылайша, Мемлекет басшысы 2026 — Конституциялық реформасын қарқынды іске асыруды жалғастырмақ. Жарлықтың мазмұнына келсек, бірқатар өзгерістер терминологиялық сипатта болып отыр: «Құрылтай», жалпыхалықтық референдум», «теңге» және басқа да ұғымдар өзге актілерде көрініс тапты. Бұдан бөлек, мемлекетті дамытудың конституциялық қисынын айқындайтын түбегейлі өзгерістер өте маңызды, — деді ол.

Бұған қоса Ерлан Қарин «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» 2025 жылғы 5 қарашада қабылданған Жарлыққа енгізілген түзетулерді айрықша атап өткен жөн екенін айтты.

— Жаңартылған редакцияда Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі тарихи меже деп көрсетілген. Сондай-ақ, бұл оқиға заманауи, барынша серпінді мемлекеттік-саяси үлгіге көшіп, жаңа қоғамдық этика қалыптастыруға берік негіз болатыны айқындалған. Осыған байланысты, еліміздің жүйелі жаңғырту кезеңінде ішкі саясат саласына баса мән беріледі. Оның басты міндеті — конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды, ілгерілету, қорғау және жүзеге асыру болмақ. Мұның бәрі мемлекеттік институттардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына, қоғамдық диалогты дамытуға және жасампаз әрі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға арқау болады, — делінген жазбада.

Тегтер: