«Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылыс кезінде цех опырылып, қауіпті аймақта 32 адам болған

5 Мамыр 2026

Өскемен қаласында «Қазцинк» ЖШС-да болған жарылысқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.

Бейнежазбадан
Фото: Бейнежазбадан

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс салдарынан өндірістік ғимараттың бір бөлігі опырылған.

— Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жарылыс болғанын анықтады. Соның салдарынан цехтың бір бөлігі опырылды. Конструкциялардың жанып жатқаны да байқалды, — деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.

Өрт оқшауланғаннан кейін құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарына кірісті. Жалын шарпыған аумақ шамамен 120 шаршы метрді құрады. Оқиға кезінде қауіпті аймақта 32 адам болған.

— Тікелей оқиға эпицентрінде үш адам — аға шебер мен екі жұмысшы болған. Оқиға салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шегіп, медицина қызметкерлеріне тапсырылды, — деді ол.

Қазіргі уақытта оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері тексеру аяқталғаннан кейін анықталады, осы мақсатта арнайы комиссия да құрылмақ.

Тегтер: