«Таза Қазақстан»: 153 заңсыз қоқыс орны жойылды

12 Маусым 2026

Жыл басынан бері полиция 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп, 248 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 153 заңсыз қоқыс орны жойылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыруды жалғастырып отыр.

Ведомство қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгудің алдын алуға, сондай-ақ сұйық қалдықтарды арнайы полигондардан тыс жерлерге ағызу фактілерінің жолын кесуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

— Биыл бес айда 248 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді (қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу). Тиісті шаралар қабылдау үшін экология департаменттері, жергілікті атқарушы және басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға 58 материал жолданды, — деп хабарлады министрліктен.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 172 ұсыным енгізілді. Оларды қарау нәтижесінде 153 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Ішкі істер министрлігі азаматтарды экологиялық заңнама талаптарын сақтауға, елдімекендердің тазалығын қолдауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.

Тегтер: